ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН АЛУ БОЙЫНША НҰСҚАМА


4.02.2019-ғы № 27-06-08/440 шығыс хаты

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

 ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН АЛУ БОЙЫНША НҰСҚАМА

Түркістан 2019 жыл

МАЗМҰНЫ

  1. Нұсқамада пайдаланылатын негізгі ұғымдар.
  2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығына ие болу тәртібі.
  3. Кен іздеушілікке лицензияны рәсімдеу.  
  4. Қолданыстағы келісімшарттардың лицензиялық режимге өту тәртібі.

1. Нұсқама пайдаланылатын негізгі ұғымдар

  1. Жергілікті атқарушы орган – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі (Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарамсы);
  2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган – Оңтүстік Қазақстан аймақтық гелогия және жер қойнауын пайдалану инспекциясы;
  3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті;
  4. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган – Геология және жер қойнауы Комитеті;

2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығына ие болу тәртібі

1. Кең таралған пайдалы қазбаларды кәсіпкерлік мақсатында өндіру кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жүзеге асырылады.

2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінің аумағы барлау нәтижелері бойынша айқындалады.

3. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға арналған өтініш облыстың жергілікті атқарушы органына беріледі.

          Өтініште қамтылуға тиіс мәліметтер:

          1) жеке тұлғалар үшін – өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;

          заңды тұлғалар үшін – өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылары туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;

          2) алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесі аумағының сипаттамасы;

          3) осы тарауда көзделген мерзімнен аспайтын сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдаланудың мерзімін көрсету.

          Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

  • өтініш иесі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар көшірмелері;
  • сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар: көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, жер бетінің топографиялық картасы;
    • егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжат;
    • тау-кен жұмыстары жоспарының жобасы;
  • жою жоспарының жобасы;
  • өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есеп;
  • егер өтінішті барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша берсе және өтініш берілген кезде мұндай есеп құзыретті органға ұсынылмаса, өтінішті берудің алдыңғы күніне есепті кезең үшін барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;
  • егер барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша өтініш берсе, барлауға арналған лицензия бойынша ағымдағы есепті кезеңде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдері) төлеленгенін растайтын құжат;
  • өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген, салық органынан анықтама.
  • Өтініш берілген жер қойнауы учаскесінде кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қатты қазбалар ресурстарының жоқ екендігін немесе рсеурстары перспективасының жоқ екендігін растайтын, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептің мемлекеттік сараптамасының қорытындысы.

           4.Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.

          5. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. 3. Кен іздеушілікке лицензияны рәсімдеу.

          1.Кен іздеушілікке арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға облыстың жергілікті атқарушы органына  жазбаша өтініш береді.

           2.Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;

      2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған кен іздеушілік учаскесін айқындайтын, бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар және жалпы алаңы көрсетілген масштабтағы кен іздеушілік аумағына нұсқау.

          3.Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;

      2) кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылғанын растайтын құжаттың көшірмесі;

      3) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;

      4) өтініш иесі бекіткен және кен іздеушілік кезінде пайдаланылуы жоспарланып отырған механикаландыру құралдары мен жабдықтың тізбесін, сондай-ақ кен іздеушілік учаскесінде жүргізілуі жоспарланып отырған кен іздеушілік жөніндегі жұмыстың түрлері мен тәсілдерінің сипаттамасын қамтитын құжат;

      5) өтініш берілетін жер пайдаланушының немесе жер учаскесінің жеке меншік иесінің, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін пайдаланушының келісімі;

      6) кен іздеушілік жоспары.

      4.Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.

      5.Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.

       6.Облыстың жергілікті атқарушы органы өтінішті келіп түскен күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде қарайды және лицензияны береді не оны беруден бас тартады.

       7. Кен іздеушілікке арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.

       8. Кен іздеушілікке арналған лицензия 3 жыл мерзімге беріледі. Лицензияны иеленушінің өтініші бойынша көрсетілген мерзім бір рет үш жылға ұзартуға жатады.

      9.Кен іздеушілікке арналған лицензияда,  мыналар көрсетіледі:

      1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;

      2) лицензияны берген мемлекеттік органның атауы;

      3) лицензия берілген тұлға туралы мәліметтер:

      жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын

      құжатта көрсетілсе) және азаматтығы;

      заңды тұлғалар үшін – атауы, орналасқан жері;

      4) лицензияның нөмірі мен күні;

    5) лицензияның шарттары: лицензияның мерзімі, жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары;

       6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу туралы міндеттеме;

       7) жер қойнауын пайдаланушының:

       өзіне меншік құқығымен тиесілі жүк көтерімділігі он тоннадан аспайтын бір жүк машинасы, бұрғылау жабдығы, сондай-ақ шөмішінің көлемі жиынтығында бір текше метрдің жартысынан аспайтын экскаватор және (немесе) бульдозер түріндегі механикаландыру құралын пайдалануға;

       кен іздеушілік учаскесі аумағының жер бетіндегі ең төменгі нүктесінен үш метрден аспайтын тереңдікте бұрғылауды және өзге де жер қазу жұмыстарын жүзеге асыруға құқығы;

      3) шашыранды алтын бойынша кен іздеушілік жұмысын жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылда елу килограммнан аспайтын алтын өндіруге жол беріледі.

      4) кен іздеушілік учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы:

      кен іздеушілік учаскесіндегі су объектілерінде және су қоры жерінде экскаваторлар мен бульдозерлерді пайдалануға;

      химиялық реагенттерді және жарылғыш заттарды қолдануға;

      күрделі құрылысжайларды тұрғызуға және салуға;

      топырақ пен айырып алынған тау-кен массасын кен іздеушілік учаскесінің шегінен тыс жерге шығаруға құқылы емес.

4. Қолданыстағы келісімшарттардың лицензиялық режимге өту тәртібі.

1. Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер тиісінше жергілікті атқарушы органы құратын комиссияның шешімі бойынша, лицензиялық режиміне көшуге (жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеуге) құқылы.

      2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жергілікті атқарушы органы комиссия құрады. Комиссияның ережесі мен құрамын жергілікті атқарушы орган айқындайды. Комиссияның құрамына бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органының өкілдері де кіреді.

       3. Лицензияның мерзімі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімінен аспауға тиіс.

      4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия берілген күннен бастап тоқтатылады.     

 

ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
15.04.2019-12:00:00