СҮЙІНШІ ХАБАР!



Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Өйткені жанымызға жұғымды, ой-санамызға шуақ сыйлап, қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер тәрбиенің бастау бұлағы екені баршамызға аян.
Аталардың қасиетті өсиеті – ғасырлар бойы жиналып, ақыл елегінен өткізіліп, тарихи сананың даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже қағидасы іспеттес.
Қазақ халқы бір игі істі бастау үшін, ауылдағы ақсақалды қариялар мен аузы дуалы білікті кісілерден міндетті түрде бата алған. Бата сұрау – байырғы қазақ халқынан бүгінгі күнге дейін еш үзіліссіз жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Халқымызда «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген сөздер бар.
Осыған сәйкес күні кеше Алматы облысы Талдықорған қаласында өткен Балпық би бабаның 325 жылдығына арналған республикалық батагөй қариялардың сайысында, жерлесіміз Тұрманбетов Жолдасбек Мүбәракұлы жүлделі үшінші орынды иеленіп, 200 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады.
Жолдасбек Мүбәракұлы, Сізді жеңісіңізбен құттықтаймыз!
Ел игілігі мен жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еселі еңбегіңізге жетістік пен шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


 

ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
18.10.2019-12:00:00